Өтеген Сеиітовтың 100 жылдық мерейтойына орай Айыртау ауданы прокуратурасының прокуроры Қуаныш Анарбай Ғанимұратұлы №2 Саумалкөл мектеп- гимназиясының 10 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Тағылымы мол кездесуден шәкірттеріміз жанға жайлы ой түйіп, салиқалы әңгіме тыңдады.
Белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, 1 дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі Өтеген Сеиітовтің өмір жолымен танысып, оның қызметтегі адалдығынан өскелең ұрпақ үлгі ала білуі қажет. Ол бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнаған аса көрнекті заңгер, тұлғасы биік асыл азамат, он сегіз жыл бойы республикамыздың прокуроры болған ерекше тұлға.
Өтеген Сеиітов 1923 жылы қыркүйек айының 15 жұлдызында Шалқар ауданының Ақтоғай селосында дүниеге келген. Ол кезде он алты жасында Шымкент облысы прокуратурасында тіркеуші қызметін атқарады, жарты жылдан кейін осында кеңсе меңгерушісі болды. Одан кейін Шымкент облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдау, хатшысы қызметіне алынады, бұл кезде ол он жеті жаста еді. Кейін жасы он сегізге толмаса да, өзі сұранып, елін қорғауға аттанған.
Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, үш рет жараланса да, госпитальдан майданға қайта оралып отырған. Соғыстан кейін, 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандары прокуратурасының тергеушісі, кейін 1949-1951 жылдары осы облыс прокуратурасының аға тергеушісі, ал 1951-1959 жылдары республика прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін атқарады.
Өтеген Сеиітовтың ерең еңбегі мен үлгілі өмір жолы жайлы біраз ойлар айтылды. Кездесу барысында оқушылар көкейдегі сауалдарға жауап алып, өзара ой алмасты.